Алтай Көлгінов: Қазір бір-бірімізді сынайтын емес, қолдайтын уақыт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз 22 наурыздан бері халықаралық рейстерден 2500 жолаушыны карантинге жатқыздық. Оның ішінде бес адамнан коронавирус анықталды. Яғни бес адамды қалаға жібермедік. Оларды емдеп жатырмыз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай коронавирусты жұқтырған бір адам қараусыз қалса 10 күннен кейін ауырғандардың саны 3500-ге жетіп жығылады. Кеше мемлекеттік комиссия 1 сәуірден бастап барлық халықаралық рейсті тоқтату туралы шешім қабылдады. Яғни Нұр-Сұлтан халықаралық рейстерді қабылдамайды», - деді қала әкімі Тенгриньюс.кз порталына берген тікелей эифрдегі сұхатында.

Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елордада 175 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Олардың бәрі стационарда жатыр.

«Сонымен бірге карантинде жатуы тиіс азаматтарға арнап 8 жатақхана дайындадық. Олардың вирус жұқтырмағаны анықталғаннан кейін ғана біз оларды үй карантиніне жібереміз. Дәл қазір осындай қатаң шараларды қабылдауымыз керек. Онсыз нәтижеге қол жеткізе алмаймыз», - деді ол.

Алтай Көлгінов сонымен қатар қалалықтарға үндеуін жолдады.

«Қанша қыруар қаражат кетіп, әлеуметтік бағдарламалар қабылданып жатыр. Бір-бірімізді сынап, не бересің демей, мен қалай көмектесе аламын деуіміз керек. Мұндай жаппай карантин елде бұрын болмаған. Соны дұрыс сезіну керек. Егер бір-бірімізді қолдап, тәртіп сақтасақ, карантинді ерте бітіреміз. Ертерек жұмысқа тұруымыз керек. Үлкен жастағы адамдарымызды күтуіміз керек. Қазір бір-бірімізді сынайтын уақыт емес, қолдайтын уақыт. Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - деді Алтай Көлгінов.

Фото: inbusiness.kz

Соңғы жаңалықтар