Алтай Көлгінов елорда көшелерін қардан тазарту тәртібі қалай жүретінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов бораннан кейін көшелерді қардан тазартқанша қала тұрғындарынан сабырлық сақтауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала тұрғындарынан сабырлық сақтауды сұраймыз. Біз барлық күшімізді жұмылдырдық. Біріншіден, ең үлкен жолдарды, қоғамдық көліктер жүретін жерлерді тазалаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Қазір жеке компаниялардың техникасын қосымша жұмылдырмақпыз. Сонымен бірге, емханалар мен ауруханаларға, дәріханаларға немесе басқа да әлеуметтік нысандарға баратын жолдарды тазалаймыз. Одан кейін ішкі жолдарға кірісеміз. Осы орайда тұрғындардан бұл бағыттағы жұмыстарымызға түсіністікпен қарауды сұраймыз», - деді Алтай Көлгінов қалалық ТЖ департаментінде өткен отырыста.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елорда әкімі боранға байланысты дүрбелең тудыруға негіз жоқ екенін айтты.

«Ең бастысы, тұрғындар сабырлылық танытып, қала сыртына шықпауын сұрап отырмыз», - деді Алтай Көлгінов.

Қазіргі уақытта қарды шығару үшін жүк көліктері мен қарды тиейтін арнайы техника, сондай-ақ жолды тазалайтын автогрейдерлерді қосымша тарту жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар