Алмаз Шарман: COVID-19 ерлерде белсіздік туғызуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – COVID-19 эректильді дисфункция қаупін алты есе арттырады. Яғни ер адамдар жасына жетпей белсіздікке душар болуы мүмкін. ҚазАқпарат елге танымал медицина профессоры Алмаз Шарманның осы мәселе туралы Facebook желісіне жариялаған мақаласын оқырман назарына ұсынып отыр.

Бұл мәліметтер жақында «Андрология» медициналық журналында жарияланды. Оның авторлары – Рим университетінің профессоры Эммануэль Джанини бастаған италиялық эндокринологтар. Зерттеушілер импотенциямен ауыратындардың коронавирусқа шалдығуға көбірек бейім екенін аңғарған. Дәлірек айтқанда, олардың ағзасында COVID-19 вирусы қалыпты адамға қарағанда 5 есе жылдам дамиды.

Импотенцияның дамуы COVID-19-дың қысқа мерзімді салдары болуы мүмкін. Дер кезінде емдік шара қолданбаса, ұзаққа созылуы да ықтимал. Бұған жол бермеудің жалғыз жолы – маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, инфекциядан қорғану. Сонымен қатар, вакцинация коронавирустық инфекциядан туындаған импотенцияның алдын алуға көмектеседі.

Италиялық профессор артық салмақ пен темекі шегу COVID-19 салдарынан туындайтын импотенцияның дамуын жылдамдататынын айтады. Жалпы зерттеу коронавирустың әсерінен туындаған ерлердегі импотенцияның дамуына әкелетін үш негізгі факторды қарастырған.

Бірінші фактор тамыр қызметінің бұзылуымен байланысты. Эректильді функция көбінесе жүрек-қантамыр жүйесінің белсенділігіне байланысты. Біз тамырлар мен репродуктивті жүйелер бір-бірімен тығыз байланысты екенін білеміз. Сондай-ақ, COVID-19 кезінде жүрек пен жыныс мүшелерін қанмен қамтамасыз ететін қантамырларда қабыну процестері дамитыны белгілі. Коронавирус инфекциясы салдарынан қантамырлар қабынып, артынша тарылып, жыныс мүшелеріне баратын қан ағынын тежейді.

Екінші фактор психологиямен байланысты. Жыныстық белсенділік көбінесе психологиялық жағдайға байланысты. COVID-19 және жалпы пандемия өзімен бірге күйзеліс, мазасыздық, депрессия сияқты жайсыздықтарды ала келді. Бұл құбылыстар да жыныстық денсаулыққа жағымсыз әсер етеді, ер адамдарда импотенция тудырады.

Үшінші фактор – жалпы денсаулықтың нашарлауы. Жыныстық әлсіздік көбінесе жалпы денсаулықтың нашарлауынан туындайды. Созылмалы аурулармен ауыратын ер адамдар COVID-19 індетін жұқтыруға көбірек бейім. Салдарынан коронавирус инфекциясы созылмалы ауруларды күшейте отырып, жыныстық функцияға жағымсыз әсер етеді.

Зерттеушілер жыныстық функциялардың бұзылуы жалпы денсаулықтың нашарлауы деп түсіну керектігін ескертеді. Яғни COVID-19-бен ауырған адамда импотенция дамыса, бұл вирустың ол адам ағзасына үлкен зақым келтіргенін көрсетеді деген сөз. Жыныстық функциялардың бұзылуы уақытша болуы да, ауыр әрі ұзақ жүруі де мүмкін. Егер асқынып, ұзаққа созылса, соңы белсіздікке апарады.

Коронавирус әсерінен туындайтын белсіздікке шалдығу ықтималдығы жасқа байланысты. Ер адамның жасы неғұрлым үлкен болса, белсіздікке шалдығу тәуекелі де соғырлым көп.

Зерттеу авторлары COVID-19 туындатқан эректильді дисфункцияның негізгі себебі жалпы жүрек-қан тамырларында пайда болған ақауларға байланысты екенін жазған. Дегенмен, бұл гипотеза әлі де мұқият зерттелуі керек.

Біз коронавирустық инфекциядан туындаған ағзадағы жүйелік бұзылулардың табиғатын енді ғана түсіне бастадық. Олардың көріністері – қанның қоюлануы, қан ұйытатын бөлшектердің пайда болуы, неврологиялық ақаулар, жүрек, өкпе, бүйрек және басқа органдардағы өзгерістер. Енді COVID-19 ерлердің жыныс мүшелеріне, олардың репродуктивті функциясына теріс әсер етуі мүмкін екендігі белгілі болды. Бұл аурудың ұзаққа созылған ағымының көрінісі болуы мүмкін. Дәрігерлер мұны «ковидтен кейінгі» синдром деп атайды.

Мұның бәрі коронавирус инфекциясының алдын-алу шараларын, мысалы, маска кию және әлеуметтік қашықтықты сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Уақытылы вакцина алу тек COVID-19-бен күресудің ғана емес, сонымен қатар ерлердің жыныстық функциялары мен репродуктивті денсаулығын сақтаудың негізгі амалы болып отыр.

Осыған дейін Коронавирусқа қарсы вакцина еркекті белсіздіктен қорғайтыны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар