Алматының шеткі аудандарында спорт нысандары салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының шеткі аудандарында спорт нысандары салынады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Cпорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазір қалада спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

«Спорттық нысандардың саны мен орналасқан жеріне талдау жасау кезінде, олардың негізгі бөлігі қаланың орталығында орналасқанын көріп отырмыз. Сондай-ақ осы жерде спорттық қызметтер жеткілікті жоғары деңгейде көрсетіледі. «Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында, әсіресе, қала шетіндегі спорт нысандарының санын арттыру көзделуде», - деді спикер.

Сонымен қатар, ол биыл бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын айтты. Мәселен Медеу ауданы, Алатау шағынауданында 7400 шаршы метрді құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алаңы салынып жатыр. Онда жекпе-жек, су спорт түрлері болады әрі тәулігіне 894 адамды қабылдайды.

«Сондай-ақ Жетісу ауданы Қазыбаева көшесінде алаңы 7400 шаршы метрді құрайтын кешен салынуда. Бұл жерде де, спорттық ойындар, жекпе-жек, су спорты түрлері болады. Тәулігіне 894 адамды қабылдайды. Жетісу ауданы «Айнабұлақ-2» шағынауданындағы №118 және №137 мектептердің арасында алаңы 3920 шаршы метр құрайтын нысанның құрылысы жүріп жатыр. Онда әмбебап және тренажер залы, бокс залы және жекпе-жек спорты қамтылады. Тәулігіне – 564 адамды қабылдайды», - деді Рүстем Байсеитов.

Биыл Жетісу ауданындағы №80 мектептің аумағында 3024, Алатау ауданында 3974, Түрксіб ауданындағы «Жас-Қанат» шағын ауданында 7400 шаршы метр спорт алаңы пайдалануға беріледі.

«4 жабық және 10 ашық корттары болатын 14 корттық теннис орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол Алатау ауданы Рысқұлов даңғылының солтүстігінде, Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Сондай-ақ аталған жобамен фитнес және оңалту процедураларына арналған залдар қарастырылған. Бұл нысан тәулігіне 430 адамды қабылдайды», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар