Алматының сауда, ойын-сауық орталықтарында 55 адам вакциналанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 10.00-ден бастап Алматыдағы сауда,ойын-сауық орталықтары мен базарларда коронавирусқа қарсы вакцина салу пунктері жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін «Мәскеу» сауда, ойын-сауық орталығы жұмыс істемесе де, егу пункті қызметін бастады. Күзет қызметіндегілер ғимаратқа тек вакцинацияға алдын ала жазылғандар мен шақырылғандарды кіргізеді. Ол үшін қауіпсіздік қызметінің қызметкеріне ескерту жеткілікті.

«Мәскеу» СОСО егу пунктінің жауапты кезекшісі Гүлдана Төлешова атап өткендей, медицина қызметкерлері сағат 10.00-ден бастап, сағат 20.00-ге дейін алматылықтарға екпе жүргізуді жалғастырады. Дәрігерлер Алматы қаласының № 16 емханасына тіркелген азаматтарға алдын ала қоңырау шалды. Сондай-ақ E-gov арқылы вакцинация алуға жазылғандар да бар. Төрт сағат ішінде дәрігерлер 50-ге жуық адамға екпе салды, вакцинация қызу жүріп жатыр.

Коронавирустан екпе алған ең жас адам 18-де болса, жасы ең үлкені – 87-дегі қарт.

«Егу пунктінде 2 терапевт дәрігер мен медбикелер жұмыс істейді. Адам саны көп емес, бетперде режимі, әлеуметтік қашықтық сақталған, кезегін күтушілер бір-бірінен алшақ отырғызылады. Барлығы алдын ала тіркеуден, содан кейін дәрігердің қарауынан өтеді, содан кейін қарсы көрсетілімдер болмаса, пациентті емшара кабинетіне жібереміз», - деп түсіндірді Гүлдана Төлешова.

Айта кетейік, алматылықтар вакцинацияға саналы түрде, өз еркімен жазылып, емханаларда, СОСО базасында орналасқан пунктерге келуде.

Алматыда коронавирусқа қарсы егу пунктері қай жерлерде орналасқаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар