Алматының этномәдени бірлестіктері 8 мыңнан астам мұқтаж жанға көмек берген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 1 наурыз — Қазақстанда Алғыс айту күні. Мереке қарсаңында Алматыда «Мың тағдыр — бір ел» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев, «Қоғамдық келісім» қалалық филиалының директоры Ш. Тәжмұратов және этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел қатысушылары этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының іс-қимылын, сондай-ақ этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылық пен халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері жайында өзара пікір алмасты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров алғыс айту күні халықтар достығы мен ынтымақ, бірлікке бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына ықпал еткенін атап өтті.

Бүгінде Алматыда 100-ден астам ұлттың өкілі тұрады. 37 қалалық және 19 республикалық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2019 жылы Алматының этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның қолдауымен 182 қайырымдылық шарасын өткізді. 8310 мұқтаж адамға көмек беріп, 870 отбасына қолдау көрсетті.

Өз кезегінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ жеріне алғысын білдіріп, этносаралық достық сабақтастығын сақтаудың маңызын атап өтті.

«Алғыс айту күні – барша халықты біріктіретін мереке. Бұл күні әр адам қасындағы жандарға: «Біздің қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, мамыражай елде тұрып жатқанымыз үшін мың да бір алғыс»,- деп айтуы тиіс. Бұл – мейрам, ең алдымен, өскелең ұрпаққа қажет. Алғыс айту күнінде балаларымызға Отанымызды сақтап қалғанымызды айтып, 130 ұлт өкілінің бір тудың астында бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатқанын ескертуіміз артық емес», — деді «Қазақстандағы орыс мәдени орталығының» төрағасы Всеволод Лукашев.

«Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоевтің айтуынша, көктемнің алғашқы күні «рақмет» сөзімен басталады. Ол Кеңес үкіметі билеген жылдарда ұлы далаға қоныс аударған халықтар бір-біріне шыдамдылық пен қонақжайлық үшін алғыс білдіре алатынын, бұл дәстүр ел бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетінін жеткізді.

«Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл мерекеде түр-түсімізге, діни сенімімізге қарамастан, бір-бірімізге Қазақстанда тату-тәтті отбасы болып өмір сүріп жатқанымыз үшін алғыс айтуымыз керек. Бұл достықтың кірпішін қиын-қыстау заманда өмір сүрген әкелеріміз бен аталарымыз қалаған. Менің ойымша, енді біз, этномәдени бірлестіктердің басшылары, аға ұрпақ өздерінің балаларына, немерелеріне Қазақстан достықтың пен еңбектің арқасында бой көтергенін жеткізуіміз керек», — деді Қазақстанның грек қоғамдары қауымдастығының президенті Георгий Иорданиди.

Биыл қазақстандықтар Алғыс айту күнін бесінші рет атап өтуде. Бұл мерекеге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы 2016 жылы бастамашылық еткен болатын. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімі мен достығының және сүйіспеншілігінің жарқын мерекесіне айналмақ.

Соңғы жаңалықтар