Алматының «Буревестник» волейбол клубы Қазақстан Кубогын жеңіп алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Буревестник Алматы» волейбол клубының ойыншыларымен кездесіп, 2019 жылғы Қазақстан Кубогін жеңіп алуларымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев, барша ұжымның үйлесімді жұмысының арқасында осындай биік нәтижеге қол жеткенін атап өтті. Сонымен қатар «Буревестник Алматы» ЖШС директоры, КСРО-ның спорт шебері Амангелді Шабдарбаевқа, команданың бас жаттықтырушысы, ҚазССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Запеваловқа, жағажай волейболының бас жаттықтырушысы Денис Ровкинге алғыс білдірді.

«Спорттағы лайықты нәтиже – бұл оқыстан болатын жағдай немесе істің оңынан тууы емес. Бұл – үнемі аянбай тер төгудің, өз күшіне сенудің және жеңіске жетудегі зор үміттің нәтижесі. Мен күнделікті жаттығулардың қуаныш әкелуін, тарыққан сәттерде сенімнің алға жетелеуін, ерен еңбектің лайықты жеңіспен марапатталуын тілеймін!», - деді Алматы әкімі.

Командаға ақшалай сертификат, клуб директоры Амангелді Шабдарбаевқа қалаға сіңірген еңбегі үшін «Еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.

«Еліміздің спорт орталығы ретінде Алматы қаланың спорт жетістіктері қоржынына үлес қосатын командаларға қолдау көрсететін болады», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

«Буревестник Алматы» волейбол клубы ХХ ғасырдың ортасында КСРО чемпионы, Европа Кубогінің екі дүркін иегері атанған әрі аңызға айналған «Буревестник» клубының дәстүрлерін жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар