09:18, 09 Сәуір 2021 | GMT +6
Алматылықтарға тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қар көшкіні жүру қаупіне байланысты тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент таратқан мәліметтерге қарағанда, жылымық кезде жауын-шашынның мол түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығы мен биіктігінің жоғары болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында 8- 12 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.
«Көшкін жүру қаупі ықтимал болуына байланысты, қарлы тік жартастарға шығуға болмайды. Тауда абай болыңыздар»,- делінген ведомстваның хабарламасында.
Қазгидромет ауа райы болжамына сәйкес 9 сәуірде Қазақстан территориясының басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Республикамыздың оңтүстік-батысында шаңды дауыл соғады, солтүстікте көктайғақ болады.