Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 54 млрд теңгеге жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 21 ақпанына дейін Медициналық сақтандыру қорына 267,2 млрд теңгеден астам қаржы жинақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласы республика бойынша жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 21 ақпанына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 54,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 51,1 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары», - деді филиал директоры.

Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 8775 адам 32,2 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген.

Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.

БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.


Соңғы жаңалықтар