Алматылықтар Мүлік иелері бірлестігіне ауысуға неге асықпайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) Мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) ауысуға неге асықпайды? Бұл сауалға онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан Сейтенов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«МИБ-ті тіркеудің төмен қарқынмен жүруінің себептерінің бірі коронавирусқа байланысты шектеулердің әсері болуы мүмкін. Жаппай жиналыстарға тыйым салынды, бұл жағдайда ондай кеңестер тұрғындар өздерінің ортақ үйін басқару формасын таңдау туралы бірыңғай шешім қабылдауы үшін керек», - дейді спикер.

Оның айтуынша, бүгінде Тұрғын үй саясаты басқармасының қызметкерлері халықпен кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Өткен жылдың өзінде 6 700 көппәтерлі тұрғын үйді қамтумен 2 400-ге жуық жиналыс өткізілді. Алайда, әзірге көппәтерлі тұрғын үйлердің тек 8% басқарудың жаңа нысанына көшті.

Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін басқарудың жаңа формаларына көшу әкімдік әзірлеген кесте бойынша жалғасады.

Ержан Сейтенов Алматыда 870 ПИК жұмыс істейтінін, олардың көбі бірден бірнеше жүздеген үйді басқаратынын жеткізді. Сондықтан ақша барлығына бөлінеді, ал МИБ-тің артықшылығы бір үйге тиесілі бір шот болады.

Айта кетейік, Қазақстанда барлық ПИК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қайта ұйымдастырылады. Осы уақыттан кейін барлық ПИК-тер басқарушылар мен сервистік компаниялар қатарына кетуі тиіс.


Соңғы жаңалықтар