Алматылықтар ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Қарағайлы саябағына келіп, 1931-1933 жылғы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңына гүл шоқтарын қойды. Осылайша халық зұлмат жылдары қаза болғандардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен Алматының ортасында ашқұрсақ баласын құшақтаған аштықтан әлсіреген ананың бейнесінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылған еді. Бүгін қала тұрғындары осы ескерткішке гүл шоқтарын қою үшін Қарағайлы саябағына жиналды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек ел тарихына көз жүгіртсек, ұлт басына күн туған ауыр да алмағайып кезеңдердің аз болмағанын, бірақ қазақ халқы болашаққа деген үміті мен сенімін ешқашан жоғалтпағанын атап өтті.

«Елбасы айтқандай, тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз - осындай нәубет қайталанбас үшін қажет. Халықтың қасіретті кезеңдері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінгі Қазақстан - халықтың бірлігі мен келісімін және бейбіт өмірді баға жетпес құндылыққа бағалаған ел. Халық айтпақшы, «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Мұндай нәубет ешқашан қайталанбасын. Қашанда еліміздің іргесі берік, болашағы жарқын болсын», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
null

Қазақстанда 1918-1933 жылдар аралығында түрлі мәліметтер бойынша үш миллионнан астам адам қырылып қалған, оның ішінде 1931-1933 жылдары 1,7 миллион адам көз жұмған. 100 мыңнан астам қазақстандық 1937-1938 жылдарғы репрессия құрбаны болған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 31 мамыр Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Соңғы жаңалықтар