Алматылық жастар қоныс тойын тойлады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түсті. Соның ішінде балдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Алматы әкімдігі өтініштерді қабылдайтын арнайы www.almaty-jastary.kz сайтын әзірлеген болатын.

30 қазан мен 12 қараша аралығында бірінші пул бойынша Алатау ауданындағы «Көкқайнар» ықшамауданында 249 пәтерге өтінім қабылданды. Жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады. Сөйтіп, 1050 жас отбасыны жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Жастар жылын» өткізу аясында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама 5 жылға жеңілдетілген бағамен жалға алуға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қаражат салуға мүмкіндік береді. 1 бөлмелі пәтерге ай сайынғы жалдау ақысы 4 380 теңгені болады. Бұл бағдарламаға:

• 29 жасқа толмаған жастар;

• Алматы қаласындағы тіркеуі - кемінде 2 жыл;

• 2 жылдан астам тұрғын үйі жоқ;

• Ай сайынғы табысы кемінде 101 000 теңге және банкте жинақ шоты (депозиті) бар жастар қатыса алады.

Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 1 050 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2020 жылы қосымша «Алматы жастары 3» қалалық бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында 35 жасқа дейінгі 1000 жас отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Өткен 2 жылда «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 238 жас отбасы 5 пайыздық мөлшерлемемен пәтер алды.

Соңғы жаңалықтар