Алматылық ұрлаған «Toyota Camry 70» көлігін шет елге шығарып сатпақ болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы «Toyota Camry 70» автокөлігін ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындарының бірі Бостандық ауданы полиция басқармасына 17 желтоқсанда көлігінің ұрланғанын айтып, арыз жазған. Көлік ұрлығы бойынша ҚР ҚК 200-бабымен іс қозғалып, іздестіру шаралары жүргізілді.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында көлікті айдап әкеткен күдікті жәбірленушінің танысы екені белгілі болды. Ол көлік иесінің сеніміне кіріп, автокөліктің кілтін үйінен ұрлап шыққан. Ол «Toyota Camry 70» көлігімен өзінің ауылына барғысы келгенін айтты. Алайда ол кейін ұрланған көлікті Қырғызстанға апарып сатпақ болғанын да жоққа шығарған жоқ», - дейді Бостандық ауданы полиция басқармасының басшысы Дәурен Өтебаев.

Күдікті 19 желтоқсан күні кешке Алматы-Тараз тас жолының бойында ұсталды. Ол Мерке ауданына автокөлікті жалған мемлекеттік нөмір тағып, жеткізбек болған. Жамбыл облысының полиция департаментімен біріккен операция барысында табылған автокөлік иесіне қайтарылды. Қазір 24 жастағы жігіт Алматы қалалық ПД уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

Бұған дейін, Алматыда соңғы бірнеше айда Toyota Camry автокөліктерінің ұрланғандығы туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар