Алматылық медицина ұйымдарына 116,5 млрд теңге төленді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде алматылықтарға қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 116,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған қаражат кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде көрсетілген көмек үшін төленген. Қаржының 84,1 млрд теңгесі – мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетілетін тегін көмек пакетіне, 32,4 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі.

Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы болып табылады. Ал, 2020 жылдан бастап Қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлей бастады.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласы бойынша 172 медицина ұйымы Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы немесе 55 пайызы – жеке меншік клиникалар. Жалпы, 2020 жылға тегін көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы – 141,9 млрд теңге, МӘМС пакеті бойынша бекітілген келісімшарт сомасы – 51,9 млрд теңге.


Соңғы жаңалықтар