Алматылық құсбегі «Қансонар – 2020» турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алматылық құсбегі «Қансонар – 2020» турнирінің бас жүлдесі «Нива» автокөлігін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Бурабайда Қазақстан, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және Ресей елдерінен келген 45 саятшының қатысуымен «Қансонар – 2020» халықаралық турнирі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығы және атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған турнир «Бүркітпен аң аулау», «Сұңқармен аң аулау» және «Қаршығамен аң аулау» сияқты үш бағытта өрбіді. Алдымен жас балалар сұңқар мен қаршығаны қолға қондырса, үлкендер бүркітпен аң аулап, өзара бақ сынасты.

Атадан мұра болып қалған бұл ұлттық спорт додасында бақ сынасқан саятшылардың арасында осыған дейінгі жарыстарда талай мәрте жеңіске жеткен, ұлттық өнерді ұлықтауға өзінің үлесін қосып келе жатқан Біржан сал ауданынан келген Қанат Шүленбаев пен Абылай Ізбасов және көкшетаулық Руслан Тимурзин сияқты тәжірбиелі құсбегілер жастарға осы бір ісімен үлгі-өнеге көрсете білді.

Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген құсбегі Сейітжан Алмас ең үздік танылып, турнирдің бас жүлдесі – «Нива» автокөлігін иеленді. Екінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Күнтуған Серікбекке, үшінші орын Жамбыл облысының бүркітшісі Аязбек Нұртөреге берілді.

Ал, қаршыға салуда жүлделі бірінші Жамбыл облысының құсбегі Бабажан Берікболсын алса, екінші және үшінші орындарды Алматы облысының спортшысы Байетбай Өмірхан мен елордалық Ерасыл Серікбекұлы өзара бөлісті. Сұңқар баптаған саятшылар арасында Алматы облысының құсбегі Ерлан Кенжетаев бірінші, жерлесіміз Медет Шәліпов екінші, атыраулық Арман Қошқаров үшінші орынға лайық деп танылды.

Соңғы жаңалықтар