Алматылық инфекционист пандемия кезіндегі қиындықтар туралы айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында көп жұмыс атқарылды. Еліміздің бірқатар аймақтарында жаңа инфекциялық клиникалар ашылды, медициналық жабдықтар сатып алынды. Медицина мамандары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулары ауруханасының инфекционист дәрігері Руслан Иминджанов ҚазАқпарат тілшісінің коронавирус инфекциясына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Күзде, әдетте, респираторлық инфекциялардың өршуі байқалады. Жіті респираторлық вирустық инфекция белгілерін коронавирус белгілерінен қалай ажыратуға болады?

– Коронавирус инфекциясының белгілері спецификалық емес, ол да тыныс алу жолдарының ауруына жатады. Оны ЖРВИ немесе тұмаудың белгілерінен ажырату қиын. Жөтел, тамақ ауруы, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі де осы ауруға тән. Бірақ, мынаны естен шығармаған абзал, суық тигенде демікпе болмайды. Ал коронавирус дертін жұқтырған науқастардың буын-буыны сырқырап, дәм сезбейді және иіс сезу қабілетінен айырылады. Кейбіреуінің өкпесі қабынады. Сонымен қатар, тұмау қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады, бірнеше сағаттан 3 күнге дейін, COVID-19 –дың инкубациялық кезеңі 14 күнге дейін созылады. Ең бастысы, дене қызуына назар аудару қажет. Біздің ауруханада клиникалық көріністерге қарамастан ауруханаға жатқызылған әр науқас жіті тексеруден өтеді.

Коронавирус пен тұмауды кімдер тез жұқтыруы мүмкін?

– Аталған инфекцияны көбіне ұзақ уақыт тыныс жолдарының созылмалы ауруымен ауырғандар, балалар, жүкті әйелдер иммунитеті төмен адамдар жұқтыры мүмкін. Коронавирустан жазылған адамдарда антиденелер қалыптасып, иммунитеті жақсарады деген ғалымдардың пікірі екіге бөлінді. Қайта жұқтыру жағдайлары туралы ақпараттар да тарап жатыр. Менің ойымша мұндай жағдай кездеседі, бірақ өте сирек.

Қазақстанда коронавирустың алғашқы жағдайлары тіркеле бастағаннан бері біздің дәрігерлерге үлкен жүк артылды. Сіз қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Біздің дәрігерлердің басынан кешірген қиындықтары туралы айтар болсам, біріншіден, олар отбасынан, балаларынан, туыстарынан алшақ болуға мәжбүр болды. Екіншіден, ыстық күні арнайы киім киіп жұмыс істеу болды. Әрине, дәрігерлерге барынша жағдай да жасалды. Жатын орын мен тамақпен қамтамасыз етілді. Ол үшін әкімдікке, ауруханамыздың басшылығына және қайырымдылық ұйымдарына алғыс айтамыз. Бүгінгі күні бізде COVID-19 емдеу тәжірибесі бар, біз педиатр болғанымызға қарамастан, ересектерді де, балаларды да қабылдадық. Студенттік кезден бастап педиатрлар балалар мен ересектерге қатысты терапия және басқа да байланысты мамандықтар бойынша негізгі пәндерден өтеді, сондықтан біздің дәрігерлер ересек науқастарды қабылдауға тез бейімделді.

Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін қалай болдырмауға немесе азайтуға болады?

– Күз бен қыс мезгілінде балалар маусымдық респираторлық инфекцияларға бейім болады. Сондықтан әлеуметтік арақашықтықты және гигиеналық шараларды сақтау қажет. Бұл – балалар арасында індеттің таралуына жол бермейді.

Ең маңызды ұсыныс - балаларды үлкен дүкендерге апармау, жабық кеңістікте адамдардың көп жиналуын болдырмау, бұл респираторлық вирустық инфекциялармен жұқтыру қаупін едәуір арттырады. Далада таза ауада жүрген жақсы. Үй-жайларды желдету, дымқыл тазалау, дұрыс тамақтану қажет.

Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар