Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде анасы мен қызы 4 полицейге көмектесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде анасы мен қызы 4 полицейге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анасы Светлана мен қызы Полина Просвиринаның айтуынша, олар 5 қаңтар күні орталықта болып жатқан тәртіпсіздіктен бейхабар болған.

«Біз көлікпен әл-Фараби жақтан Назарбаев көшесімен төмен түсіп келе жаттық. Рөлде қызым болды. Алдымыздан бірнеше полиция көлігі шығып, жолды жауып, тез кері бұрылуды бұйырды. Назарбаев көшесімен жоғары қарай әскерилер мен полицейлер жүгіріп бара жатты. Көлікті бұра салысымен, есікті ашып төрт полиция қызметкерін отырғыздық. Олардың қолында қалқандары болды. Біреуі аяғынан қатты жараланған екен. Біз ештеңе түсіне алмадық. Полиция қызметкерлерін діттеген жерлеріне жеткізіп салдық. Олармен танысып та үлгермедік», – дейді, Светлана Просвирина.


Кейін белгілі болғанындай, алматылықтар көмектескен полиция қызметкерлері - Жетісу аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары екен.

Жас тәртіп сақшылары бүгін Светлана және Полинамен кездесіп, полиция департаменті басшылығымен бірге оларға алғыстарын білдірді.

«Бұл іс-әрекет – адамгершіліктің, жауапкершілік пен белсенді азаматтықтың жарқын үлгісі. Светлана мен оның қызы қауіп-қатерге қарамастан, ерлік көрсетіп, полиция қызметкерлеріне көмектесті. Оларға ІІМ басшылығының, жеке құрамның және жеке өзімнің атымнан шын жүректен алғыс айтамын», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.





Соңғы жаңалықтар