Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккен балалардың бәрі ауруханадан шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккен балалардың бәрі ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жақында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында ем алып жатқан екі бала амбулаториялық ем алуға ауыстырылып, үйлеріне қайтарылған. Жалпы, қазіргі таңда апаттан зардап шеккен 16 адам Алматының стационарлары мен көпбейінді клиникалық орталықтарында, Нұр-Сұлтанда әлі де емделуде.

Атап айтқанда, ересектердің жетеуі қалалық №4 клиникалық ауруханасында, екеуі шұғыл медициналық көмек көрсететін ауруханада, тағы екеуі Орталық қалалық ауруханада, одан бөлек екеуі Алматыдағы көпбейінді клиникалық емханада ем-домын жалғастыруда. Апаттан зардап шеккен тағы екі бала елордадағы ауруханаларда жатыр.

Жалпы, апат орын алған күні стационарларға 52 адам, оның ішінде 69 бала түскен еді.

Сондай-ақ бұған дейін ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин апаттан зардап шеккен балаларға көмек көрсетіп жатқанын хабарлаған болатын.

Айта кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.

Ал кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебінің басты нұсқасын атаған болатын.



Соңғы жаңалықтар