Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт істен шығып, бір адам зардап шекті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Mega Towers» тұрғын үй кешеніндегі лифт 25-қабатқа дейін бар жылдамдықпен көтеріліп, үйдің төбесіне соғылды. Салдарынан жас жігіт зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның видеосы әлеуметтік желілерде тарады . Белгілі болғандай, оқыс оқиға 29 маусым күні болған.

«Mega Towers тұрғын үй кешеніндегі лифт 25-қабатқа соғылды. Отбасымызбен осы тұрғын үй кешенінде 4-қабаттан лифтпен түстік. 1-қабатқа түскенде меннен басқасының бәрі шықты. Есіктер жабылмастан, лифт жылдам жоғары көтеріле бастады. Жоғарыда біреу шақырып, есікті жаппаған шығар деп ойладым. Ол 7-қабатқа көтеріліп, одан әрі 25-қабатқа дейін жылдамдығы арта түсті», - деп жазды видео авторы.

Бейнежазбадан ер адамның қолын жарақаттап алғанын көруге болады.

Алматы әкімдігі оқиғаны растады.

«Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен лифт жабдықтарын басқару бөлімінің мамандары аталған мекенжайға барып, лифтке визуалды тексеру жүргізді. Оқиғаның себептері нақтыланып жатыр. Оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп хабарлады әкімдіктегілер.


Соңғы жаңалықтар