Алматыдағы өндірістік парктердің инвестициялық әлеуеті 4 млрд теңгеден асты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде шағын өндірістік парктер құру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты, мұнда 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының индустриалды аймағындағы төрт шағын өндірістік парктің құрылыс қарқынымен танысты. «Kaz Stroy Trade» ЖШС, «ADS Industries» ЖШС, «Ala Estate» ЖШС, «D&J Investments & Logistic» ЖШС. Бұл компаниялар 22 мың шаршы метр өндірістік алаңдарды ашуға дайын. Мұнда тау-кен, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп салаларының 30 кәсіпорындары ашылып, оларда 800-ден жұмыс орыны құрылады.

Бақытжан Сағынтаев инженерлік желілерді тарту, сыртқы әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Индустриалды аймақтағы алғашқы үш өндірістік паркті іске қосу ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланған. Инвестициялық жобалардың құны 3,2 млрд теңгеден астам.

Жалпы алаңы 13,4 мың шаршы метрді құрайтын тағы төрт шағын өндірістік парктер Наурызбай, Алатау және Түрксіб аудандарында құрылды. Оларда 32 кәсіпорын орналасқан, 230 жаңа жұмыс орны ашылды. Нысандар бұрын жұмыс істемей тұрған өндірістік базаларды рекнострукциялау арқылы және «Almaty Finance» ЖШС жеңілдетілген қаржыландыру есебінен пайдалануға берілді. Құрылысқа 1,1 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция салынды.

Наурызбай ауданындағы «Brot Master» ЖШС шағын өндірістік паркі 2020 жылы іске қосылды. Мұнда, 2,2 мың шаршы метр алаңда тамақ өнеркәсібі саласындағы сусындар шығаратын, кофе қуыратын және қамыр даярлайтын алты компания ашылды. Бұдан бөлек, 2021 жылдың соңына дейін жаңадан салынып жатқан алаңдар пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Наурызбай ауданында өткен жылдан бері алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын «Аla Estate» ЖШС парк жұмыс істейді. Қазіргі кезде мұнда жиһаз, галантерея бұйымдарын, кеңсе тауарларын, бетперде мен тамақ орамаларын шығаратын 7 өндірістік парк ашылған.

Түрксіб ауданында «Samruk Group» ЖШС 5,7 мың шаршы метр алаңды дайындады. Бүгінде мұнда құрылыс материалдарын, қағаздан жасалған бұйымдар мен дезинфекциялаушы заттарды шығаратын 16 шағын кәсіпорын өз жобаларын іске асыруда.

Алатау ауданындағы «Asia Prom Textile» ЖШС жаңа өндірістік паркін іске қосу ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлердің қолжетімді алаңдардың арқасында бизнесін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алатын шағын өндірістік парктерді құру жобасының маңызды екенін атап өтті.

Девальвациялық тәуекелдерге қарамастан шаршы метр алаңды 5-7 жылға дейін жалға алудың сараланған бағасы белгіленген. Осылайша, қалада дайын өндірістік алаңдардың тапшылығы мәселесі шешілуде.

Алматы әкімінің бастамасымен және Almaty Business-2025 бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі кешенді шаралар аясында жүзеге асырылған жобаның ерекшелігі - инвесторларға жеңілдікпен несие беру.

Сонымен бірге, олар өз қаражаттарын бос ғимараттарды қалпына келтіруге немесе инфрақұрылымы бар жаңа үй-жай салуға жұмсайды. Жобаға қосымша ретінде өндірістік парктің қатысушыларына жылына 2%-бен несие беру мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы Алматыда шағын және орта бизнесті қолдаудың түрлі бағдарламалары аясында кәсіпкерлік саласында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құру міндеті қойылды, бұл мегаполис экономикасының дамуына ықпал етпек.


Соңғы жаңалықтар