Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстаннан келген 30 гастарбайтер ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы құрылыс алаңында Өзбекстаннан келген 30-дан астам гастарбайтер ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, көрші мемлекеттен келген келімсектер қаланың Алатау ауданындағы құрылыс алаңында анықталды. Шетелдіктің жеке куәлігі болмаған, осыған байланысты, олар Полиция департаментінің қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.

«Ұсталғандардың әрқайсысының кім екенін анықтағаннан кейін, оларды қаламыздың аумағында кез келген құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығын тексереміз. Содан кейін олар әкімшілік жауапқа тартылып, Қазақстаннан шығарылады. Айтпақшы, өткен күні Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы консулдығымен бірге соттың шешімімен бұрын Қазақстаннан шығарылған Өзбекстанның 16 азаматын еліне қайтару жұмысы ұйымдастырылды», – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сондай-ақ спикер 7-16 маусым аралығында өткізілген «Келімсек» іс-шарасы барысында 1 785 адам көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтады. Олардың 1 262-сі шетелдік. 102 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды, оның тоғызы азаматтық іс жүргізу тәртібімен.

«Сонымен қатар шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін азаматтарды қабылдаушы 467 тұлға жауапқа тартылды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 56 жұмыс берушіге айыппұл салынды. Сондай-ақ іс-шара уақытында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырудың үш фактісі анықталды», – деді полиция өкілі.


Соңғы жаңалықтар