Алматыдағы барлық балабақша штаттық режимде жұмыс істеп тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы мектепке дейінгі барлық 860 мекеме өз жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мегаполистің тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта 71 мыңнан астам баланы қамтитын 860 мектепке дейінгі мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оның 190 – мемлекеттік және 670 жеке меншік балабақша.

Әкім орынбасарының айтуынша, білім басқармасы күн сайын балалардың келуіне және балабақшаларда санитарлық талаптардың қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді.

24 қаңтардан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 21 қаңтардағы қаулысына сәйкес, контингенті 302 мыңнан астам оқушы бар 295 мектептің (207 мемлекеттік, 88 жеке) оқушылары аралас форматта оқуға кірісті:

- 600 оқушыға дейін контингенті бар 1-4 сыныптарда, 115 мектепте (32 мемлекеттік, 83 жеке) - штаттық режимде оқиды;

- контингенті 600 оқушыдан асатын 180 мектепте (175 Мемлекеттік, 5 жеке меншік) - мектептердің жобалық қуатының 50%-нан аспайтын жүктемемен штаттық форматта білім алады.

Бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 6 ұйымның 354 тәрбиеленушісі штаттық режимде оқитын болады.

Мектептерде санитарлық талаптардың сақталуы ерекше бақылауда, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«24 қаңтардан бастап 83 колледждің 73 719 студенті (23 мемлекеттік, 60 жеке меншік) оқуды бастады. Олар үшін оқытудың аралас форматы қарастырылған: практикалық сабақтар икемді кесте бойынша – офлайн, дәрістік сабақтар онлайн режимде өткізіледі», - деді Ержан Бабақұмаров.

Осындай форматта 24 мыңнан астам оқушыны қамти отырып, 23 қосымша білім беру ұйымы өз жұмысын жалғастыруда.

Кері байланысты қамтамасыз ету үшін Білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде және әр білім беру ұйымында Call-орталықтар жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар