Алматыдағы «Алтын орда» базары жанындағы жол қазан айында аяқталады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Алтын Орда» базары жанындағы жол айырығының құрылысы қазан айында аяқталады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бапасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні «Алматы-Бішкек» автожолының 786-790 шақырымы аралығында (16-19 шақырым «Алтын Орда») «Райымбек-Алматы» учаскесінің көлік жүретін бөлігін кеңейту жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Құрылысқа 215 жұмысшы мен 30 техника жұмылдырылды»,- деп хабарлады «ҚазАвтоЖол»

Қазіргі уақытта негізгі күш магистральды эстакадаға бағытталған.

Атап айтқанда, нысанның сол жағын бетондау жұмыстары толық бітті. Ал оң жақ тұсының 100 метр аумағына бетон құйылды.

Сонымен қатар, монтаждау, қалыпты орналастыру, торлау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Эстакадағы негізгі жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде, кестеден кешігу жоқ. Нысан құрылысы биылғы жылдың қазан айының соңына қарай аяқталады»,- деп атап өтті компаниядағылар.


Соңғы жаңалықтар