Алматыда жыл басынан бері экология саласы бойынша 46 заңбұзушылық анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Данияр Әлімсейітов қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласы бойынша Экология департаменті жеке және заңды тұлғалардың атмосфералық ауаны, су мен топырақты қорғау бөлігінде ҚР экологиялық заңнамасын сақтау, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру нормалары мен қағидаларын сақтау жөніндегі қызметіне мемлекеттік экологиялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады»,– деді ол.

Данияр Әлімсейітовтың айтуынша, Алматы қаласы бойынша экология департаменті 2020 жылдың басынан бері 35 тексеру жүргізді, оның ішінде 5 профилактикалық, 14 жоспардан тыс және басқа да нысандар бойынша - 16.

«Инспекциялық қызмет барысында экология саласы бойынша 46 заңбұзушылық анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 хаттама толтырылып, 3 млн теңгеден астам сомаға 11 айыппұл өндірілді», - деді Данияр Әлімсейітов.

Сонымен қатар, ол Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың жоқтығы үшін белгіленген тәртіппен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына субъектілерінің қызметін тоқтата тұру үшін 16 талап арыз жолданғанын атап өтті. Оның ішінде 7 өтініш қанағаттандырылды, қалған 9 өтініш қаралуда.

Жыл басынан бері 819 сынама алынып, қоршаған ортаның 930 компонентіне талдау жасалды.


Соңғы жаңалықтар