Алматыда ЖРВИ жұқтырғандар саны күрт көбейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны күрт өсті. Бір аптада 12 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Өткен аптада Алматы дәрігерлері 12479 жағдайды тіркеді.

«Өткен жылмен салыстырғанда, қазір ЖРВИ-мен ауыратындар 3,7 есе көп. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш апта сайын өсіп отыр. Жаңа эпидемиологиялық маусым басталғаннан бастап 1 қазан мен 17 қараша аралығында ЖРВИ-дің 73 731 жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, АH3N2 тұмауы 13 адамнан анықталды»,- дейді ол.

Алматы әкімі ЖРВИ, тұмау және пневмонияның таралуына байланысты күрделі жағдайды ескеру керектігін тілге тиек етті.

Ол Алматының барлық тұрғындарын бұрын енгізілген алдын алу шараларын, соның ішінде маска тағуды қатаң сақтауға шақырды. Ал, коронавирус инфекциясы мен тұмауға қарсы вакциналанбаған адамдар өздерін және жақындарын қорғау үшін екпе алулары тиіс. Мегаполисте бұл үшін барлық жағдай жасалған.

Вакциналау халықты тұмау вирусын жұқтырудан қорғап қана қоймай, дерттің асқынуына жол бермейді әрі өлім-жітімді едәуір төмендетуге көмектеседі. Биыл ресейлік өндірістің «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үшвалентті вакцинасы 130 000 доза көлемінде сатып алынды.


Соңғы жаңалықтар