Алматыда жоғалған 15 жастағы жасөспірім ШҚО-да табылды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 жастағы жасөспірім 22 қарашада анасымен жанжалдасып қалып, Катонқарағай ауданында тұратын досына хабарласқан. Оған Шығыс Қазақстанға келетінін айтып ескерткен соң, Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірінде смартфонын 180 000 теңгеге сатып жібереді.
«Содан кейін автобекет маңайындағы такси жүргізушісімен 15 мың теңгеге келісіп, Өскемен қаласына жолға шыққан. Ұлан ауданы Саратовка ауылына кіреберісте тәртіп сақшылары сол көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жолаушылардың бірі із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде жүргендігі белгілі болды», - делінген ақпаратта.
Жасөспірім бірден полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта 15 жастағы бала ата-анасы басқа қалада тұратындықтан, Өскемен қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Алдағы уақытта растайтын құжаттарды ұсынғаннан соң ол заңды өкілдеріне тапсырылады.