Алматыда жетінші баласына жүкті әйел күйеуімен бірге қару-жарақ ұрлаған

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүкті әйел қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әуезов аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің мәліметінше, жетінші баласын күтіп жүрген әйел күйеуіне мылтық, тапанша, патрондар және басқа да оқ-дәрі ұрлауға көмектескен.

– Үйдің ішін тінту кезінде тәркіленгендердің арасында тоғыз сайга стволы, екі мылтық, винтовка, тапанша, патрондар, резеңке дубинка, ағаш биталар, сапер күрегі мен радиостанциялар болды. 25 жастағы Т. есімді жігіт ұрланған қару-жарақ салынған бумаларды жеке үйінің алдындағы аумаққа көмген. Сондай-ақ, күдіктінің мінген көлігі де анықталды. Бұл кезде оның қасында әйелі болған, ол күйеуінің ойланбай жасаған әрекетін, қылмыс жасауын тоқтатудың орнына ұрланған заттар салынған жәшіктерді көлікке тиеуге белсене көмектескен, – деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.

Заттай айғақтар тәркіленді.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігімен квалификацияланған.

Әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.



Соңғы жаңалықтар