Алматыда жастарды қолдау бағытында қандай шаралар атқарылуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жастар саясатын іске асыру, оның ішінде жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 25 313 жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 10 740, қоғамдық жұмыстарға – 7 142, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша – 1 503, әлеуметтік жұмыс орындарына – 361, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша – 4 027 жас жұмыспен қамтылды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 858 жас кәсіпкерлік негіздерін оқыды, 448 жасқа гранттар берілді, 234 жас қысқа мерзімді курстарда білімдерін жетілдірді.

«Self-Made» әлеуметтік жоба аясында 50 ұлттық және жеке компаниялармен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен тағылымдамадан өту туралы меморандумдарға қол қойылды. Колледждердің 150 үздік түлегі тәжірибеден өтті.

Бұдан өзге, кәсіптік-техикалық білім беретін 43 мекеменің 5 мыңға жуық студенті қаланың 351 кәсіпорнында 38 мамандық бойынша дуальды оқумен қамтылды. Колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту және жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өткен жылдан бастап жастарды қолдау шаралары туралы қолжетімді ақпаратпен кеңірек қамту мақсатында барлық аудандарда «Алматы жастары» жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Оларда ХҚКО қағидаты бойынша жұмыспен қамту, тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша тегін кеңестер беріледі. Мұнда «Атамекен» ҰКП-ның, Халықты жұмыспен қамту орталығының және «Отбасы банкінің» қызметкерлері түрлі консультациялар береді. Ресурстық орталықтарға жүгінген 300-ден астам жас «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 8 мыңға жуық адам кеңес алды.

Осыған орай, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жастарды қолдау мәселелеріне, әсіресе оларды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл дамудың жол картасын іске асыруға және қала жастарын қолдауға қатысатын барлық аудандар әкімдерінің және басқармалар басшыларының басты міндеттерінің бірі.

Кеңес барысында жастардың демалысын дұрыс ұйымдастыру, қосымша білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мәселен, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жастардың және жас отбасылардың қолжетімді баспана мәселесін шешу үшін қалада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге жалға берілетін тұрғын үй беруді жалғасуда. 2019-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша 1400 пәтер бөлінді. Биыл тағы 1050 пәтер үлестіру жоспарда. Бұдан бөлек, «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы бойынша 1 мың жас баспаналы болды.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты ескерту ерекше назарда, атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу мәселелері. Соңғы 3 айда полиция департаменті осы салада 258 құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Мегаполис әкімінің тапсырмасына сәйкес, Полиция департаменті білім беру және Қоғамдық денсаулық басқармаларымен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыс тұрақты жүргізулері тиіс.

Кеңесті қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жастар өтініштерінің шешілуін үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың басшылығымен үйлестіру тобы құрылды. Сонымен қатар, 2025 жылға дейінгі дамудың жол картасы мен жастарға қолдау көрсету өзектендірілетін болады.

Соңғы жаңалықтар