Алматыда жалғызбасты қарияларға арналған қайырымдылық акциясы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жалғызбасты қарт адамдарды қолдауға бағытталған «Ғажайып Аяз ата» жаңажылдық мерекелік акциясы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында қала волонтерлері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23-25 желтоқсан аралығында еріктілер қайырымды азаматтардан азық-түлік пен мерекелік сыйлықтарды қабылдайды. Оларды орап, дайындаған соң, 30 желтоқсанға дейін жеткізумен айналысады.

«Біз, Алматы еріктілері Жаңа жыл қарсаңында «Ғажайып Аяз ата» акциясын ұйымдастырмақпыз. Осы акция аясында Алматыдағы жалғызбасты зейнеткерлерге ерекше назар аударып, оларға жаңажылдық сыйлықтар беруді жоспарлап отырмыз. Акция бүгіннен басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Акцияға кез келген азамат қатыса алады», — дейді Алматы Мейірімділер клубының өкілі Мадина Мырзахметова.

Волонтерлер осы сынды акциялар оларға үлкен ләззат сыйлайтынын айтты.

«Менің әріптесім айтқандай, науқанның басты мақсаты – қаламыздың жалғызбасты зейнеткерлеріне аз да болса көңіл бөлу. Адам ерікті ретінде бір іс жасаса, ол өзінің дұрыс істі қолға алғанын сезінеді. Бұл сіздің немен айналысатыныңызға және нені жақсы көретініңізге қатысты емес – бұл бізге қажет сезім», — деп толықтырды Лидер.Кз өкілі Блац Дильмира.

Қазіргі уақытта қала волонтерлері 59 жастан асқан 700-ден астам жалғызбасты зейнеткерге жаңажылдық сыйлық беруді жоспарлап отыр. Акция барысында олардың саны артуы мүмкін. Айта кету керек, қаланың барлық тұрғыны, кәсіпкерлер осы акцияға қатысып, өз үлестерін қоса алады. Сыйлықтар мен азық-түлік өнімдері Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекенжайы бойынша қабылданады.


Соңғы жаңалықтар