Алматыда Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған кеш өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен рухани мұрасына арналған «Қазақтың ұлы» атты кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған шараны Алматыдағы №57 орта мектебі ұйымдастырды. Кеш онлайн режимде өтті. Оған аталған білім мекемесінің 5 сынып оқушылары қатысты.

«Шараның мақсаты – оқушылардың ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына деген қызығушылығын ояту, ұлттық мақтаныш сезімін, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру», - дейді ұйымдастырушылар.

Онлайн кеш барысында қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығымен танысып, сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар оның еңбектерін талдады.

Ыбырай Алтынсарин-қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ақын, жазушы, этнограф, фольклоршы және қоғам қайраткері. Оның шын аты - Ибраһим. Ол 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген.

Ы. Алтынсарин орыс, араб және татар тілдерін еркін меңгерген және халықты ағартуды армандаған. Ол кезде қазақ балаларына мектеп ашу өте қиын болатын. Дегенмен, 1864 жылдың қаңтарында Ыбырайдың тікелей қатысуымен алғашқы қазақ мектебі ашылды.


Соңғы жаңалықтар