Алматыда уағыз-насихат жұмыстары онлайн өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстары онлайн режимде өтеді. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаламыздағы танымал қарилар онлайн Құран хатым оқиды. Әлеуметтік желідегі Азан.кз парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады. Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады», - деді имам.

Сонымен бірге, Еркінбек Шоқай қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандар «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауыз ашар қоржыны» атты акция аясында ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне жеткізілетінін айтты.

Сонымен бірге, қасиетті айда «Рамазан керуені» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.

«Намаз оқып үйренейік», «Құран оқып үйренейік», «Қош келдің, Рамазан», «30 күнге 30 уағыз», «Бас имам мінбері» айдарымен қала мешіттерінің әлеуметтік парақшаларында онлайн дәрістер мен мешіт жамағаты арасында «Раббым, білімімді арттыр» сынды интелектуалды білім сайыстары өтеді», - деді қаланың бас имамы.

Спикер шариғат және пәтуа бөлімі биылғы пітір садақа көлемін 420 теңге етіп бекіткенін атап өтті. Бұл еліміздегі 2 келі ұнның орташа бағасына сай. Сонымен қатар пітір садақасын мейізбен берем дегендер үшін 3580 теңге, құрмамен есептесе 7 300 теңге. Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын және үлкен жастағы қарт кісілерге оразасы үшін фидия құны 2500 теңге деп бекітілді.

«Пітір садақасын мешіттерге келіп берумен қатар, Каспи.кз қосымшасы арқылы да беруге болады. Қала мешіттерінде Каспий QR қойылды», - деп ақпараттандырды имам.


Соңғы жаңалықтар