Алматыда туристер үшін 6 кемпинг аймағы орнатылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі туристер үшін кемпинг аймақтарын орнатуды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экологиялық туризмді дамыту және қолжетімді әрі жайлы туристік инфрақұрылым құру шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі мегаполис қонақтары мен тұрғындарының жайлы демалуы үшін 6 кемпинг аймағын жабдықтайтын болады. Бүгінде «Қайың тоғайында» кемпинг аймағы салынды.

5 демалыс аймағы Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарының, оның ішінде Горельник, Ақбұлақ, Қызылсай, Казачка, «Ай алаңқайының» ең танымал жерлерінде орнатылады.

Олардың әрқайсысына орындықтары бар үстелдер, күркелер, шатырларға арналған алаңдар, алтыбақан ұлттық нақыштағы әткеншектер кіреді. Әрбір кемпинг аймағының мөлшері 30-да 20 метрге дейін.

«Соңғы 3 жылда Алматы қаласына іргелес тау шатқалдарында туристер арасында белсенді өсім байқалады. Бүгінде Іле-Алатау ұлттық паркі Іле Алатауы тауларындағы ең көп баратын орын болып есептеледі. Таудағы қауіпсіздік және жайлы демалыс туризмді дамытудың маңызды мақсаттарының бірі болып қала береді. Барлық алматылықтарды тазалықты және табиғатты сақтауға шақырамыз», - деп хабарлады әкімдіктен.

Бұдан басқа, таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, оған тау үйшіктері, бақылау-құтқару пунктері және тікұшақ алаңы кіреді. Таулы жерлердегі туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 1000 шақырым таулы жаяу маршруттар цифрландырылды, оның 663 шақырымға жуығын абаттандыру көзделген.


Соңғы жаңалықтар