Алматыда тұмау мен ЖРВИ өршитін кезең белгілі болды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті қазіргі уақытта қалада жедел респираторлық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің мәліметінше, өткен аптада қала бойынша ЖРВИ ауруына қатысты 1 219 жағдай тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші - 62-ні құрайды, бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 25% төмен және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 21% пайызға жоғары. Қазіргі уақытта тұмау жағдайлары тіркелген жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша 2020-2021жж күз-қыс маусымында тұмаудың A типті A/Guangdong-Maonan/SWL1536/2019 (H1N1) pdm09, A/Hong Kong/2671/2019 (H3N2), және B типті B/Washington/02/2019 (B/Victoria lineage), B/Phuket/3073/2013 (B/Yamagata lineage) штамдары айналымда болады. Бұл штамдардың антигендері дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен тұмауға қарсы вакиналардың құрамына енгізілген.

Жыл сайын эпидемиологиялық маусымның алдында республика көлемінде, соның ішінде Алматы қаласында осал топтағы (медицина қызметкерлері, балалар үйі мен мектеп-интернаттағы балалар, иммун жетіспеушілігі, әлсіз және жиі ауыратын жасы 6 айдан асқан балалар, қарттар және мүгедектер үйіндегі контингеттер, жүкті әйелдерді) тұмауға қарсы егу жүргізіледі.

Биыл жергілікті әкімшіліктің қаражатына осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 130 мың доза көлемінде үш валентті Ресейде өндірілген Гриппол плюс вакцинасы сатып алынды.

Қалада осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егу 15 қыркүйектен басталады және екпе жұмыстары 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Егуден кейін иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады және тұмау маусымының аяғына дейін сақталады.

Қалалық эпидемиологиялық қызметтің болжамына сәйкес, қараша айының соңынан бастап ЖРВИ мен тұмаудың көбейетіні болжанып отыр, аурудың шарықтау шегі 2021 жылдың бірінші тоқсанында болады.

Қала тұрғындары арасында ЖРВИ, тұмаудың алдын алу және эпидемиологиялық жағдайды қалыптастыру мақсатында қалада керекті ұйыдастыру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары толық жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар