Алматыда тротуарларды қардан тазарту жұмыстары бақыланады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарларды тазалау жұмыстары бақылауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Диас Ахметқалиев мәлімдеді. Брифингке Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Төрехан Исин және Алматы қалалық құтқару қызметінің бастығы Дмитрий Чухонцев қатысты.

16 ақпанда Алматыда жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Қаланың коммуналдық қызметтері мегополис көшелерін қардан тазарту жұмыстарын әлі де жалғастыруда.

Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Д.Ахметқалиевтің айтуынша, 50 инспектор жаяу жүргіншілер аймақтары мен тротуарлардағы қардың тазарту жұмыстарын бақылайды.

«Қаланың жаяу жүргіншілер бөлігінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдіктерінде, абаттандыру бөлімінде, коммуналдық шаруашылықта және жасыл экономика басқармасы бұл жұмысты бақылауға алды. Бүгін кешке дейін қаланы қардан тазарту жұмыстары аяқталады», - деді Д.Ахметқалиев.

Өз кезегінде, Алматы қалалық құтқару қызметінің бастығы Дмитрий Чухонцев тұрғындарды тауға шықпауға және көліктерін ағаштың түбіне қоймауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар