Алматыда соғыс ардагерлері туралы бірыңғай база жасалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзі соғысына қатысқан алматылықтардың жалпы мәліметтер базасы іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңістің 75 жылдығы аясында Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті соғысқа қатысушылар туралы бірыңғай мәліметтер базасын жасап жатыр. Оның мақсаты – туған-туыстары мен тарихшыларға және зерттеушілерге жауынгерлерді іздеп табуға көмектесу.

«Қазіргі уақытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Мыңдаған құжат жиналып, электронды форматқа көшірілді. Онда соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары қайтыс болып немесе із-түссіз жоғалып кеткен жауынгерлер туралы жеке мәліметтер жинақталған» деп хабарлады қорғаныс істері департаменті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шақырылған жауынгерлердің тізімі, ардагерлердің тіркеу және әскери билеттері, қайтыс болғаны туралы қара қағаз, хабар-ошарсыз кеткендер туралы хабарламалар, офицерлердің жеке іс қағаздары, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі ардагерлердің фотосуреттері, сондай-ақ басқа да архив материалдары мұрағаттар мен архивтерден жинақталған.

Барлық жиналған ақпарат ҚР Қарулы күштерінің Нұр-Сұлтандағы Әскери-тарихи музейіне жіберіледі.

Майдан даласына 1,2 млн жуық отандасымыз аттанды. Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 кавалериялық дивизия және 50-ден астам полк пен батальондар құрылған.

Екінші дүниежүзілік соғыста 700 мыңға жуық қазақстандық қаза тапты.



Соңғы жаңалықтар