Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 200 жоба жүзеге асырылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 2020 жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жоспары 200 жобаны қамтиды, оған 211 іс-шара кіреді. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар Қоңырова баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлнар Қоңырованың айтуынша, биыл ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне –шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Ұлы Абайдың 175 жылдығы енгізілді. Осыған байланысты, жоспарға қосымша 38 шара қосылды.

«Бұл – Abai Street Fest ашық аспан астындағы фестивальдің театрландырылған қойылымы, оның аясында «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбында «Музейдегі түн» акциясын, «Абай weekend» фестивалін, Farabi World жас ғалымдар форумын және әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық конференцияны өткізу көзделген. Жақында Жетісу ауданында Абайдың мүсіні орнатылды», — деді Гүлнар Қоңырова.

Оның айтуынша, «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында қаланың жоғары оқу орындары 7 оқулық пен оқу құралын аударуға және шығаруға бастама жасады, бұл жоспарланған 100 оқулықтан бөлек. Бағдарламалық мақала шыққанына 3 жыл толуына орай жоғары оқу орындары үшін «Рухани жаңғыруды тану негіздері» концептуалды оқулығын басып шығару жоспарланған.

Ұлтты дамыту және халықаралық ұстаным бойынша «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» арнайы жобасы ерекше орын алады. Оған музыкалық мұраны ілгерілету және түрлі елдермен шығармашылық байланыстарын кеңейту үшін халықаралық фестивальдер енген. Бұл бөлім «Қазақстанның киелі картасы» жобасын іске асыруды қамтиды.

Сондай-ақ, биыл да археологиялық мұражай кешендерін, ашық аспан астындағы мұражайларды құру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. Дала фольклоры мен музыкасын танымал ету мақсатында Сазген-сазы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Санкт-Петербургке, сондай-ақ қуыршақтар театрының Польша мен Болгарияға арналған халықаралық фестивальге шетелдік гастрольдері жоспарланған. Бұған қоса, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде қазақ және бүкіл түркі әлемінің тарихи, мәдени мұрасын көпшілікке тарату үшін «Ұлы дала — көшпенділер әлемі» халықаралық этнографиялық фестивалі өтеді.

«Бай әдеби мұраны сақтау мақсатында осымен үшінші жыл қатарынан Халықаралық жазушылар форумы өтеді, ол қазіргі заманның атақты жазушыларын жинайды және әлемнің түрлі елдерінің жазушылары мен әдебиетшілері үшін диалог алаңына айналады», — деп қосты Г. Қоңырова.

Мемлекеттің, қоғамның, жергілікті қауымдастықтың дамуын негізінен «Туған жер» арнайы жобасын қамтиды. Туған жерге, оның мәдениетіне, әдет-ғұрпына, дәстүрлеріне ерекше көңіл бөлінеді, бұл патриотизмнің көрінісі болып табылады. Оның құрамынан қалалықтардың тікелей қатысуымен өтетін аудандық, қалалық шаралар мен шығармашылық конкурстар, акциялар кіреді.

«Бұл жоспар тұрғындарды бағдарламаға кеңінен тарту үшін жасалған, оны жүзеге асыруға халықтың барлық санаттарының өкілдері қатысады. Олар – студенттер мен оқушылар, білім беру және мәдениет қызметкерлері, халықтың әлеуметтік осал топтары, қарт адамдар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және басқалары. Осылайша әлеуметтік маңызды жобалардың саны артатын болады», — деп атап өтті Қоғамдық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Фариза Қамбарова.


Соңғы жаңалықтар