Алматыда полицей ауған соғысы ардагерін аман алып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық полицей ауған соғысы ардагерінің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Демалыс күні «Жаңа дәуір» ауылында тұратын Қасеновтер отбасы қонақтармен таңғы ас ішіп отырған кезде күтпеген жағдай болған. Үй иесі Қанат Қасенов үстел басында есінен танып қалған. Сол сәтте үйге келген қонақтың бірі оны аман алып қалды.

«8:30-да күйеуім екеуміз таңғы асты ішейін деп отырғанбыз, сол кезде танысымыз Сергей және оның досы келді. Барлығы шай ішуге үстелге жайғасты. Бір кезде күйеуім Қанат тұншығып қалғандай болып, басын артқа тастап, беті көгеріп, көздері айнала бастады. Барлығымыз есеңгіреп қалдық, мен не істерімді білмедім және қатты қорықтым. Осы сәтте Бауыржан есімді қонағымыз орнынан күйеуіме жақындап, үстелден қасықты алып, аузына салып, тілін шығарып, тыныс алу жолдарын босатты. Содан кейін оның арқасынан ұра бастады. Осындай бірнеше әрекеттен кейін Қанат қалпына келе бастады. Көп ұзамай жедел жәрдем келді, олар күйеуімді тексеріп, медициналық көмек уақытында көрсетілмегенде бәрі қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтты», – дейді Қалипа Бекпасова.

Қанат Қасеновтың туыстары бұған дейін мұндай жағдай байқалмағанын айтты. 80-жылдардың басында Қанат Ауғанстанда, Кандагар қаласында қызмет еткен.

Интернационалист жауынгердің баласының айтуынша, әкесі алкоголь немесе зиянды заттарға әуес емес.

«Егер Бауыржан сол күні біздің үйге келмегенде, күйеуімнің аман қалуы екіталай еді. Отбасымыздың атынан Бауыржан Торғаевқа күйеуімді құтқарғаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығына жүгіне отырып, біз Торғаев Бауыржан Бәкенұлын лайықты марапаттайтынына үміт артамыз. Оның іс-әрекетінен біз ішкі істер органдары қызметкерінің жарқын үлгісін көрдік, ол азаматтарды қылмыскерлерден қорғап қана қоймай, алғашқы көмек көрсете алды», – дейді Қанат Қасеновтің жұбайы.

Соңғы жаңалықтар