Алматыда пәтерді жалға берушілер жауапқа тартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы пәтерді жалға беру қызметін көшеде жүріп ұсынатындарды жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, көше бойында тұрып пәтерлерді сағатқа, тәулікке жалға берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі басқа адамдардың пәтерлерін жалға беріп содан күнделікті пайда алатын қосалқы жалға алушылар.

«Карантин кезінде меншік нысанына қарамастан, қаланың аумағында кез келген әрекетті тоқтату керек деп бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған болатын. Алайда, бұл азаматтар жергілікті атқарушы органдардың бұйрығын елемеді.Олар ақша табуға баса назар аударатыны анық, бірақ кез келген кәсіпке қарағанда халықтың денсаулығы маңызды. Саналы кәсіпкерлердің көпшілігі шығындарға қарамастан өз қызметін тоқтатты. Өйткені олар барлық жағдайды, ықтимал тәуекелдерді және карантиндік режимнің принципін түсінеді. Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары, бүгін сіз үйден шығу арқылы өзіңізге қауіп төндіресіз, ертең сіз аурухана төсегіне жатып қалуыңыз да мүмкін, ол жерде сіздің туыстарыңыз да сізді көре алмайды. Осыған байланысты, біз азаматтарды карантин режимін соңына дейін сақтауға шақырамыз. Өз қызметін тек қаланың тіршілік ету нысандары, сондай-ақ жедел штабтың арнайы тізіліміне енгізілген ұйымдар ғана жүзеге асыра алады. Құқық бұзушыларды қатаң жазалайтын боламыз», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Көшеде пәтерді жалға беретіндер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (төтенше жағдайды бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар