Алматыда пандемия жағдайындағы ЖОО-лардың жұмыс форматы талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин және қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Есдәулетов видеоконференциялық байланыс режимінде жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу Алматы өңірі ректорлары кеңесінің бастамасымен өтті.

Онлайн-кездесудің жұмысын Алматы өңірі ректорлар кеңесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тәкір Балықбаев ашты. Ол пандемия кезінде ЖОО қызметін ұйымдастыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.

Сондай-ақ басқосуда болашақ студенттердің құжаттарын қабылдау, түсу емтихандарын өткізу және түлектерге диплом тапсыру сияқты аспектілерді қоса алғанда, жұмыс форматы талқыланды.

Жандарбек Бекшин Алматы бойынша эпидемиологиялық жағдайды айтты. Қалада коронавирустың орташа көрсеткіші соңғы аптада 2%-дан аспай тұр.

Осыған байланысты жоғары оқу орындарының басшылығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауы қажет. Көпшілік жиналатын орындарға барудан және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырудан бас тарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Жоғары оқу орындарының қызметін ұйымдастыру кезінде оқу корпустарын желдету жүйесімен тұрақты қамтамасыз ету қажет.

Кездесуге қатысушылар оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, қабылдау комиссиясының жұмысы және диплом тапсыру рәсімін өткізу мәселелерін көтерді. Өз ұсыныстарымен ҚазҰПУ ректоры Тәкір Балықбаев, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «НАРХОЗ» университетінің әкімшілік мәселелер жөніндегі проректоры Камиля Аменова, Алматы менеджмент университетінің ректоры Ербол Сүлейменов, Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Ерік Бесімбаев, Халықаралық бизнес университетінің президенті Дархан Ахмед-Заки сөз сөйледі. Онлайн-кездесу жұмысына барлығы 39 ЖОО өкілі қатысты.

Алматының бас санитарлық дәрігері жоғары оқу орындарының ректорларымен бірлесе отырып, эпидемиологиялық қиын жағдайда жоғары оқу орындарының одан әрі жұмыс істеу алгоритмі мен нұсқаулықтарын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруды шешті.

Соңғы жаңалықтар