Алматыда өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға айыппұл салынды – ТЖД

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл басынан бері 116 өрт оқиғасының жолы кесілді, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 416 700 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы онлайн брифингіде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментнің басшысы азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қасыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, күн жылынғалы Алматыда қураған құрғақ шөптің өртену оқиғалары жиілеген. Биылғы жылдың наурыз айынан бері жалпы аумағы 6,7 гектарды қамтыған 65 өрт болды. Өткен тәуліктің өзінде Алматы өрт сөндірушілері 19 шақырту бойынша шыққан, оның сегізінде өрт қураған шөптің тұтануынан болды.

«Өрт оқиғалары көбінесе Алатау, Бостандық, Медеу, Түрксіб аудандарында болады. Өрттің шығу себептері азаматтардың отқа немқұрайлы қарауынан, сонымен бірге өткен жылдың күзінен қалған құрғақ өсімдіктер шабылмауы салдарынан болып отыр»,- дейді Руслан Қасыбаев.

Сонымен қатар, ол осы көктемде және жазда таулы-орманды жерлерде ТЖД, Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі қызметкерлерімен, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың қатысуымен бірлескен патрульдеу өткізу жоспарланғанын айтты. Мұндай тәжірибе өткен 2020 жылы да қолданылған.

«Осындай патрульдеудің арқасында 116 от жағудың жолы кесілді, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 416 700 теңге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жалпы ауданы 122 гектар болатын құрғақ өсімдіктерді шабу бойынша жұмыстар жүргізілуі қажет учаскелер анықталды»,- деді ол.

Қалада табиғи өртті сөндіруге жедел ден қою мақсатында ТЖД мен қаланың азаматтық қорғау қызметтерінде 200-ден астам адамнан тұратын шұғыл іс-қимыл жасағы құрылған. Олар өтімділігі жоғары техникамен, аспалы өрт сөндіргіштермен, сақпандармен және күректермен жабдықталған.

Руслан Қасыбаев қала жұртшылығын табиғатқа шыққанда өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды.

«Өрт қауіпсіздігін бұзған немесе орындамағаны үшін ескерту немесе әкімшілік айыппұл түрінде жеке тұлғаларға - 3 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК, шағын және орта бизнес субъектілеріне 70 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламыз»,- деді спикер.


Соңғы жаңалықтар