Алматыда оқудан шығып қалған колледж студенттерін алдап, ақша жинаған әйел ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы колледждердің бірінде қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтін әйел оқудан шығып қалған студенттерге көмектесем деген желеумен олардан ақша жинаған.

Қазіргі таңда күдіктінің осындай 20-дан астам әрекетке қатыстылығы тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу орнының шаруашылық саласында жұмыс істейтін 55 жастағы күдікті Г. ақшасын уақытында төлей алмауына байланысты оқудан шығарылып жіберген студенттердің мәселесін шешіп беретінін және оларға грант бойынша білім алуға көмектесе алатынын айтқан.

«Түптеп келгенде әйел адамның өзі берген уәделерін шешуге ешқандай мүмкіндігі болмаған және ол уәдесін орындаймын деп те ойламаған. Ал қызметінің ақылы екені түсінікті. Ол өзі «шешпек» болған мәселелердің әрқайсысы үшін 300 мыңнан 500 мың теңге аралығында ақша алған. Жағдайлары онсыз да мәз емес студенттер болса, оқуын жалғастыру үшін барын салып, қажетті соманы тауып берген. Енді сотқа дейінгі өндірістің қатысушыларына осы жағдай сабақ болады деген ойдамын. Өйткені мәселені мұндай жолмен шешу біріншіден, заңсыз, екіншіден, шығынға батырады»,-деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Болат Тобыбаев.

Күдіктің тергеу абақтысына жабылып, іс ҚР ҚК-нің 190 бабы бойынша (алаяқтық) тіркелді.

Осы ретте полиция күдіктінің мұндай істерді бұрын да жүзеге асырып келгенін ескере отырып, оның әрекеттерінен зардап шеккендер болса, 254-48-00; 254-48-01 и 254-48-02 телефондарына хабарласу қажеттігін ескертеді.

Еламан Тұрысбеков


Соңғы жаңалықтар