Алматыда ОҚКА қызметкерлерін жұмысқа орналастыру мәселесі қаралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн-байланыс режимінде Орталық қалалық клиникалық аурухана ұжымымен жиналыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырысқа Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев, аурухананың бөлім меңгерушілері мен директордың орынбасары қатысты.

Жиында жұмысқа орналастыру және коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған, инфекцияны жұқтырған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жүзеге асыру бойынша еңбек ұжымының мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Орталық қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Гүлнар Құлқаеваның баяндамасы тыңдалды.

Гүлнәр Құлқаеваның айтуынша, аурухананың 10 қызметкері өз еркімен жұмыстан шыққан. 1 маусымға дейін сауыққан 143 қызметкер жұмысқа орналасады, ал 1-15 маусым аралығында қалған барлық қызметкерлер жұмысқа шығуға дайын.

Отырысқа қатысушылар қалалық карантин режимінің аясында қалыптасқан еңбек құқығын одан ары реттеу шаралары бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тәсілдерін қарастырды.

Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері үшін ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап 15 күннен вахталық жұмыс әдісі белгіленген, алайда бұл әдіс жансақтау бөліміндегі мамандарға қатысты емес, олар үшін сағаттық жұмыс кестесі қарастырылған.

Сонымен бірге, ОҚКА қызметкерлерін барынша №4, №7 аурухана мен қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынадағы бос орындарға жұмысқа орналастыру тапсырылды.

Сондай-ақ, жұмысқа орналастырылмаған ОҚКА қызметкерлеріне өндірістің тоқтап тұрған кезеңінде жергілікті бюджет қаржысы есебінен орташа айлық есеппен жалақы төлеу жоспарланып отыр.

Үстемақы мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды, тізімдер жасалды, жақын арада денсаулық сақтау министрлігінің арнайы тобы жүргізген тергеу амалдарының ресми нәтижесі күтілуде. Соған байланысты соңғы шешім қабылданады.


Соңғы жаңалықтар