Алматыда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 900 млрд теңгеге өскен - әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өңірлік коммуникациялар алаңында Алматы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы онлайн брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркебұлан Оразалиннің келтірген мәліметтері бойынша, 2020 жылдың 10 айында пандемия салдарының аясында сауда саласы құлдыраған, соған қарамастан, өндіріс және инвестициялар саласында оң динамика байқалады.

Биыл қаңтар-қазанда бөлшек сауда көлемі 2 747 млрд теңге болды. Республикалық көлемде Алматының бөлшек тауар айналымының үлесі 30,3% болды. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларын сату 6,7%-ға ұлғайса, азық-түлік емес тауарлар саудасы 14,3%-ға төмендеді.

Биыл қаңтар-қазан айларында көтерме сауда айналымының көлемі 7 978,2 млрд теңге болды. Республикалық көлемде қаланың көтерме тауар айналымының үлесі 42,8%-ды құрады.

Сонымен бірге, өнеркәсіпте оң серпін байқалды. 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында 826,4 млрд теңгеге, оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 670,4 млрд теңгеге өнім өндірілді.

Сондай-ақ, пандемияға және карантиннің шектеу шараларына қарамастан, биыл Алматы қаласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өскені байқалады.

2020 жылдың 10 айының ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар - 719,2 млрд теңгені, жеке тұлғалық көлем индексі 116,9%-ды құрады.

Пайдалану бағыттары бойынша жылжымайтын мүлікке – 323,4 млрд теңге; өнеркәсіпке – 99 млрд теңге; көлік және қоймалауға – 69,4 млрд теңге; денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуге – 44,9 млрд теңге; сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметіне – 43,3 млрд теңге инвестиция тартылды.

Жылдың соңына дейін 90 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың арасында:

• құны 30,8 млрд теңге болатын 9 әлеуметтік жоба;

• сауда және қызмет көрсету саласында құны 15 млрд теңге болатын 45 жоба;

• өнеркәсіп саласында құны 60,4 млрд теңге болатын 17 жоба;

• жылжымайтын мүлік саласында құны 68,5 млрд теңге болатын 18 жоба;

• көлік саласында құны 1,5 млрд теңге болатын 1 жоба.

Жобаларды іске асыру барысында биыл 7,3 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Еркебұлан Оразалин 2020 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялар 900 млрд теңгеге өскенін айтты.

«Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Алматы индустриалды аймағының аумағын кеңейту жолымен жеке инвестициялар тарту, «Алатау» ИТП АЭА негізінде фармацевтикалық кластер құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп нысандарының негізінде ірі девелоперлік жобаларды іске асыру, қала экономикасының басым секторларына инвестициялар тарту көзделген», - деді Еркебұлан Оразалин.


Соңғы жаңалықтар