Алматыда мотобайкерлер әнұранды шырқады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай мотошеру өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шеру Рысқұлов пен Әшімов көшелерінің қиылысынан басталып, Рысқұлов-Момышұлы-Мөңке би-Саин қиылысына дейін жалғасты. Қатысушылар мамандандырылған ХҚКО дейін барып, сол жерден қайта айналып келіп, «Алматы арена» кешенінің алдына тоқтады.

Мотошеруді мәслихат депутаты, жер шарын айналып саяхат жасаған Дмитрий Петрухин бастады.

Көк байрақты көтерген байкерлердің барлығы әнұранды орындады.

Бұған дейін мерекеге орай Алматыда қандай шаралар өтетінін жариялаған болатынбыз.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары мен қонақтарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

«Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Барлық қиындықты бірге еңсеріп, қуанышқа себеп көп болсын. Туған қаламыз бен Отанға деген махаббатымызды өнегелі істеріміз және қол жеткізген биік жетістіктеріміз арқылы көрсетейік», - деді әкім.

Айта кету керек, бүгін Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері - Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн күні.

Осыдан тура 28 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.


Соңғы жаңалықтар