Алматыда мониторинг тобы 100 адам жиналған екі тойды тоқтатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мониторинг тобы жүз адам жиналған екі үйлену тойын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі күні мегаполистегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматы қаласындағы мониторинг тобы қарқынды жұмыс істеуде.

Өткен тәулікте мониторинг тобы белгіленген шектеулерді бұзған 13 нысанды анықтады. Оның 9-ы мейрамхана, дәмхана мен дүкен және төртеуі - компьютерлік клуб. Аудандық полиция басқармасына барлығы 25 адам жеткізілді.

Анықталған бұзушылықтар арасында:

- Әуезов ауданында «Шашлычная на Яссауи» дәмханасы жұмыс істеген, онда шамамен 40-қа жуық келуші болған.

- Бостандық ауданында «G-Play» компьютерлік клубы қызмет еткен, онда 50-ге жуық адам болған.

- Медеу ауданында «Айлин» банкет залы қызмет еткен, онда 40-қа жуық адам болған.

- Медеу ауданында «Ритм» банкет залы қызмет еткен, онда шамамен 50-ге жуық адам болған.

«Кеше 2 үйлену тойы тоқтатылды. Мейрамханаларда адамдардың жаппай жиналғаны анықталды. 100-ге жуық қонақ болған, оның ішінде жұқтыру қаупі әлдеқайда жоғары топтағы егде жастағы адамдар да, балалар да бар. Қала тұрғындарын өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - деді Медеу ауданы әкімдігі жанындағы мониторинг тобының мүшесі Қайрат Нұрқасымов.

19 наурыз бен 6 сәуір аралығында 470 мекеме карантин шарасын бұзған.

Анықталған нысандардың жалпы санының ішінде мыналар бар: 308 мейрамхана, дәмхана мен дүкен, 78 компьютерлік клуб, 12 бильярд клубы, 37 СПА-салон, 21 сауна, 2 кальян бары, 11 караоке клубы, 3 лото клубы, 5 түнгі клуб. 2435 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар