Алматыда «Мәңгілік Ел» сағаты ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Мәңгілік ел» сағаты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Архитектуралық нысан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығында орнатылды. Бұл университеттің 1985 жылғы түлектерінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай университетке жасаған тартуы болды.

Сағаттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ түлектері, зиялы қауым өкілдері, демеушілер, студенттер қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев сағаттың неліктен «Мәңгілік ел» деп аталуына тоқталды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» идеясында нақтылап көрсеткендей, тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұратына қол жеткізді. Мәңгілік ел болу - біздің басты мақсатымыз. Осы орайда 2016 жылы университетімізде «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы ашылған болатын. Сол қақпадан бастап «Мәңгілік Ел» орталық аллеясы ұласып жатыр. Ал, қазіргі ашылып жатқан сағат стелласы осы бастамалардың жалғасы деп білеміз. Баршаларыңызды бүгінгі «Мәңгілік ел» сағат стеласының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын»,- деді ректор.

ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы орта құру екенін айтты.

«Бүгінгі күні Қазақ ұлттық университеті қалашығының көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысандар бой көтерді. Осы сағат стеласы да түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын»,-деді Қайрат Мәми.

Сондай-ақ, шараға арнайы қатысқан Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, елге танымал ҚазҰУ түлектері: ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов пен биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова құттықтау сөздер сөйлеп, лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, «Мәңгілік Ел» сағаты биіктігі 19,3 метр стелаға, студенттердің жиі жүретін жолға орнатылды. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.


Соңғы жаңалықтар