Алматыда МӘМС жүйесінің арқасында медициналық ұйымдар саны артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық ұйымдардың саны артты. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАО қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіру қызметін көрсететін клиникалар саны 62-ге жетті. Оның 25-і – жеке меншік. Мұны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты артықшылықтарының бірі деуге болады.

Сонымен қатар, медициналық сақтандыру қоры 2020 жылы кепілдендірілген тегін көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу процедурасын аяқтады.

«2020 жылдың бюджеті қорға 2017 жылдың шілдесінен бері жинақталған қаржыға қарай, сондай-ақ, болашақта түсетін жарналар мен аударымдарға қатысты болжамдар негізінде жасалды. Нәтижесінде, Алматы қаласы бойынша 170 млрд теңгенің қызметін сатып алу жоспары бекітілді. Оның 104 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 65,9 млрд теңгесі – медициналық сақтандыру пакетіне тиесілі. Қаражат 2019 жылмен салыстырғанда 42% артып отыр», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай–ақ, Алматы халқына медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарының базасында 271 емдеу ұйымы тіркелген. Оның ішінде, сақтандыру пакеті шеңберінде 147 медицина ұйымымен 218 келісімшарт бекітілген. Сақтандыру пакетіне тиесілі келісімшарттың жалпы сомасы 64,8 млрд теңгені құрап отыр.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 2020 жылдың 31 наурызына дейін қазақстандықтардың бәрі шартты түрде сақтандырылған болып саналады.

«Қазір еліміздің барлық азаматтары МӘМС пакетіндегі қызметтерді сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан пайдалана алады. Бұл тұрғындардың жаңа жүйенің барлық артықшылықтарын сезініп, көріп-білуі үшін жасалып отыр. Ал, сәуірдің бірінен бастап медициналық қызметті толық пайдаланғысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт. Тұрғындар статусын Telegram боттың, e-gov порталының, сондай-ақ, қор мен Денсаулық сақтау министрлігі сайтының көмегімен анықтай алады», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Айтуынша, бүгінгі таңда оңтүстік астанадағы барлық медицина ұйымдары халыққа сапалы қызмет көрсетуге қажетті инфрақұрылымдармен толық жабдықталған.


Соңғы жаңалықтар