Алматыда көшеден табылған үй-жайы жоқ 15 бала арнайы орталыққа жайғасты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполисте бес күннің ішінде 282 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда 13-18 маусым аралығында «Түнгі қаладағы балалар» атты рейд өткен.

«Рейдтің 5 күнінде ішкі істер органдарына әртүрлі себеппен 282 жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде 161-і - әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, 35 бала - қараусыз және панасыз қалғаны үшін. Қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығына қараусыз қалған 15 бала орналастырылды», - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Ұзабаев.

Сонымен қатар, 8 жасөспірім мен 11 тұрмысы нашар отбасы анықталып, есепке алынды.

«Кәмелетке толмаған балалары түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және көшеде жүргені үшін 197 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта жалғыз жүрген балаларды ойын-сауық мекемесіне кіргізген 6 кәсіпкер жазаланды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі сатудың 8 дерегі анықталды», - деп қорытындылады подполковник Ұзабаев.


Соңғы жаңалықтар