Алматыда коронавируспен күресіп жатқан 3557 медқызметкер үстемақы алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған 500-ден астам дәрігер, 1,7 мың орта медицина қызметкері, 549 кіші медицина қызметкері және 764 өзге де қызметкер өз төлемдерін алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы қалада 3557 медицина қызметкері 965 млн теңге сомасында төлем алады.

Төлемдер 3 күрделілік санаты бойынша жүргізіледі.

Бірінші топқа COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатқызылған.

Бұл қызметкерлерге төленетін үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда биылғы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының жиырма еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды.

Екінші топқа провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмектің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар, сондай-ақ тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатқызылған.

Бұл топтағы қызметкерлерге төленетін үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда биылғы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының он еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды.

Үшінші топқа карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, медициналық жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ зертханалардың мамандары, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, сондай-ақ блокбекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті туралы айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар