Алматыда коронавируспен ауырғандардың 97 пайызы сырттан жұқтырып келген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус инфекциясы расталғандардың 97 пайызы сырттан жұқтырып келген. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың 3 пайызы ғана Қазақстанда жұқтырған.

«Осы уақыт аралығында 13 наурыздан бастап аурудың өршуі 3 рет байқалған. 5-ші күні - тәулігіне 9 адам, 15-ші күні - 16 адам, 18-ші күні - 10 адам тіркелген. Талдау нәтижелеріне сәйкес 73 адамның 97 пайызы сырттан жұқтырып келгені анықталды. Басқа елден келген 26 адам келесі күні 45 адамға жұқтырған. Алматыда болған 2 адамның байланыста болған адамдары санаулы ғана», - деді ол.

Қалалық бас санитар дәрігер инфекция көбіне қай елдерден келгенін айтты.

«Ауырғандардың 40% - Мәскеуден, 23% - Берлин-Алматы рейсінен, 20% - Санкт Петербург-Алматы рейсінен, 17% - Минск-Алматы рейсімен келгендер», - деді ол.

Оның айтуынша, ауырғандар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған. Олардың көпшілігі - 30-39 жас аралығында, одан кейінгілері - 20-29 жас аралығында, үшінші топқа 50-59 жастағы адамдар кіреді.

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 62,5% - әйелдер, 37,5% - ерлер.


Соңғы жаңалықтар